АЙМАҚ ӘКІМІ ДӘРМЕН ҚҰЗЫКЕЙҰЛЫНЫҢ ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫНА ОРАЙ АЙМАҚ ХАЛҚЫНА ЖОЛДАҒАН ҚҰТТЫҚТАУЫ

2014 оны 06-р сарын 30, 12:00

АЙМАҚ ӘКІМІ ДӘРМЕН ҚҰЗЫКЕЙҰЛЫНЫҢ ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫНА ОРАЙ АЙМАҚ ХАЛҚЫНА ЖОЛДАҒАН ҚҰТТЫҚТАУЫ

Қадірменді аймақ жұртшылығы! Баршаңызды мүбарак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы – қасиетті Рамазан – сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рахымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да – осы Рамазан.

2014 жылы аймағымыз жұртшылығы жан саны мен мал басы, экономикасы қарқынды өсіп, молынан атқарылған жасампаздық істерімен Рамазан айына қауышып отыр. Қазіргі мәлімет бойынша қылмыс қайшылық өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда 19,9 пайызбен, айықтырғышқа түскен азаматтар саны 24,9 пайызбен, балалар қылмысы 14,3 пайызбен, арақ ішіп істелген қылмыстар 30,8 пайызбен азайғандығы белгілі болуда. Бұл сан айғақтар халқымыздың имандылыққа бет бұрғанын айғақтайды.

Биылғы жылы ораза айы шіліңгір шілдеге дөп келгенімен, Алла тағала құлшылық қылған пенделеріне сабырлылық, төзімділікті молынан нәсіп ететіндігімен ерекшеленбек. Осы орайда аймағымыздағы, сұмындардағы барлық ұйым-мекемелер өздерінің ауыз бекітіп, жаратқанға ниет еткен жұмысшы, қызметкерлеріне жағдай жасап, жұмыс бөлістерін сәйкестіріп көмек көрсетулері қажет. Ораза ұстаған азаматтарымызға аймағымыздың әр үйінен ауызашарлар беріліп, мұсылмандық міндеттер өтелсе, бұл – бір жағынан сауапты іс, екіншіден ағайынның береке-бірлігін арттыру, ауызбіршілікті жақсартуға жасаған маңызды қадам болып есептелер еді. Сонымен қатар, арақ-шарап қолданысын азайту, той, мерекелерді ішімдіксіз атап өтуге барша азаматтар, мекемелер  назар аударса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

 Құрметті мұсылман бауырлар! Ағайындар! Алла тағала рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлегей! Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан молайтуға жазғай!

Дінімізге қуат, өзімізге иман байлығын берсін!

Құрметпен,

 

АЙМАҚ ӘКІМІ                                       ДӘРМЕН ҚҰЗЫКЕЙҰЛЫ