Мерекелік құттықтау!

2014 оны 06-р сарын 01, 09:00

Қадірменді аймақ жұртшылығы! Ардақты ата-аналар! Еліміздің келелі келешегі болған жас жеткіншектер! Барлықтарыңызды 01-маусым Халықаралық балалар құқын қорғау күні, еліміздің Аналар мен балалар мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз. 
Қазіргі таңда аймағымыз халқының 50 пайызынан астамын 0-18 жасқа дейінгі балалар иемденіп отыр. Елдегі жастар мен балалар үлесінің басымдығы – сол мемлекеттің келешегінің кемелдігін, әлеуетінің жоғарылығын білдіреді. Еліміз өкіметі де балаларға қамқорлық жасау, олардың денсаулығын жақсарту, саналы да сапалы білім алуына жағдай жасау, әлеуметтік қолдау бағытында ерекше назар аударып жұмыстап отыр. Елбасы Цахиагийн Элбэгдорж және Демократиялық партияның бастамасымен еліміздің 0-18 жасқа дейінгі барлық балаларына ай сайын жәрдемақы тағайындалып, тұрақты беріліп келеді. «Түскі шай», «Түскі тамақ» бағдарламалары да бүлдіршіндеріміздің алаңсыз білім алып, дені сау, денесі ширақ азамат болып қалыптасуына септігін тигізуде.
Мемлекет тарапынан жастардың талантын шыңдау, дарынын дамыту ісіне ерекше көңіл бөліп отырғаны баршаңызға мәлім. Мәселен, еліміз көлемінде «Кітап», «Талант» бағдарламалары сәтті жүзеге асырылып, ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлес қосып жатыр. Күні кеше ғана осы «Талант» бағдарламасы аясында аймағымыз орталығында ұйымдастырылған шарада 1000 домбырашы бүлдіршіннің өнеріне өздеріңіз тәнті болдыңыздар. 
Сонымен қатар аймағымыздағы қазақ балаларының білім деңгейін көтеруге аймақ басшылығы тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп келеді. Осы мақсат аясында аймағымыздағы білім беру мекемелерінің басқару менежментін жақсарту ісі қолға алынып, бастауыш сыныптарда білім алып жатқан қазақ балаларына арналған моңғол тілі пәні оқулығын бүлдіршіндердің таным, түсінігі, ұлттық ерекшелігіне сәйкес дайындап бастыру үшін қажетті қаражатты аймақ бюжетінен шешкізу туралы шешім қабылданып отыр. Биылғы жылы мемлекеттік бюжет қаржыландыруымен Өлгий сұмыны 2-орта мектебінің және Орталық Кітапхананың ғимараты, Улаанхус сұмынының Соғақ, Уланхус орта мектептерінің жатақханалары, Цэнгэл сұмынында 75 төсектік балабақша құрылысы жаңадан салынып пайдаға берілмек. Міне, бүгін 1,3 миллиард төгрөг қаржымен Жастар мен балалар саябағының құрылыс жұмысы аяқталып, халық кәдесіне жаратылды.
Ал, балаларды қоғам және заман талабына сай тәрбиелеп өсіру ісіне аналарымыздың қосар үлесі аса зор екені мәлім. Ел өкіметі аналарды қолдау ісін де мемлекеттік саясаттың маңызды бір бөлігі ретінде назарда ұстауда. Үйде отырып баласын тәрбиелегені үшін аналарға мемлекет тарапынан ақы төлеу мәселесі қазір жан-жақты зерттеліп жатыр. Осының барлығы – ана мен баланың әрқашан өкімет қамқорлығында, қарауында болатынын көрсетпек. Анаға құрмет, балаға деген қамқорлық – мемлекеттік келешегіне жасалған қаржыландыру деген қағида әрқашан басшылыққа алынатын болады. Еліміздің дамуы және экономиканың өсімімен қатар бұл істер алдағы уақытта да жалғасын таба береріне сеніміміз зор.
Құрметті аналар! Бүлдіршін балалар!
Биылғы жылы Моңғолияның жалпы халқының саны 3 миллионға, аймағымыз халқының саны 92 мыңға жетті. Адам санының өсуі – экономиканың дамуына, ана мен баланың денсаулығына, әлеуметтік жағдайына тікелей байланысты. Сондай-ақ, халық санының артуы экономиканы алға сүйрейтін қозғаушы күш екені сөзсіз. Қатарларыңыз әрқашан артып, дендеріңіз сау, ғұмыр жастарыңыз ұзақ болуына тілектеспіз. Аймағымыздың барлық жанұясында сәбилердің шат-шадыман күлкісі тыйылмай, ел өркенін алға сүйрер ұрпақтарымыз көбейе берсін. 
Төл мерекелеріңіз құтты болсын!
Құрметпен, 
МҰҚ МҮШЕСІ МҰҚ-ДЫҢ МҚТК-ІНІҢ ТӨРАҒАСЫ БӘКЕЙ АҒЫПАРҰЛЫ
ААӨҚ-Ы ТӨРАҒАСЫ ЛАЗАТХАН БҰРАҢҰЛЫ
АЙМАҚ ӘКІМІ ДӘРМЕН ҚҰЗЫКЕЙҰЛЫ